Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің бұрынғы басшысы Қуанышбек Есекеев сәуір айында Қазақстандағы алғашқы қоғамдық желі ашылатынын мәлімдеген болатын. Шамамен 100 мың қолданушыға арналған бұл жоба 3 түрлі бағытта болмақшы. Атап айтқанда балаларға, сыныптастарға және қызығушылықтарына қарай 3 бөлімге бөлінбекші. Сонымен қатар ресейлік танымал пошта қызметі Mail.ru және осы жүйеге байланысты басқа қызметтер атап айтқанда Моймир қоғамдық желісі, Files.Mail.ru құжат алмасу жүйесі, Аудио, Видео және Фото бөлімдері бұдан кейін қазақстандық қолданушы үшін қолжетімді болмайтын болды. Қазақтелеком және басқа провайдерлер арқылы бұл қызметтерді пайдалану мүмкін болмайды. Бұның басты себебі ретінде Mail.ru басшылығына бірнеше рет ескертілгенімен пошта қызметінде қазақ әріптерінің оқылмауы болып отыр. Сондай-ақ өткен жылы осы қоғамдық желі арқылы ғаламторға тұлғалардың жеке өміріне нұқсан келтіретін және арандату мақсатынша шығарылған бейнематериалдар тарап кеткен болатын. Осылайша Mail.ru өз қолданушыларының 34 пайызын құрайтын қазақстандық қолданушыларынан айрылғалы тұр. Сонымен қатар интернет алпауыттарының бірі Google да өзінің қоғамдық желісін ұсынбақшы. Google осы жылдың басында Buzz деп аталатын микроблоггинг жүйесін іске қосқан еді, ол қазір танымал Twitter жүйесінің басты қарсыласы болып отыр.